Русский Қазақша

ЖАЛАҒАШ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

ІЗДЕУ
Аудан
Билік
Құқық
Экономика
Бизнес
Инфрақұрылым
Қоғам
Мем. қызметтер
Байланыс
Әкім блогы
Анықтама
Сайт картасы Аудан әкімі аппараты
Аудан
Билік
Құқық
Экономика
Бизнес

БҮГІН

Биыл Жалағаш ауданының құрылғанына – 80 жыл, ал аудандық газеттің шыға бастағанына – 85 жыл толады. Осы орайда «Аудан құрылмай жатып, газет шыққан ба?» деген сауал туады. Өйткені, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Жарлығымен 1939 жылы 17 қазанда Жалағаш ауданы құрылды. Өзіне жүктелген міндеттер үдесінен шығып, уақыт талабына өз үнімен тіл қатқан аудандық басылым – «Жалағаш жаршысы» газетінің тарихы мен бүгінгі таңдағы тіршілік-тынысына тоқталғанды жөн көрдім.
10.01.2019 17:37:18 | 157 рет қаралды



Қаракеткен МТС саяси бөлімінің құрылуына байланысты 1934 жылы 10 қаңтарда «Колхозшы» деген атпен басылымның алғашқы нөмірі шығып, Қармақшы ауданының 12 совхозына 5 жылдан аса уақыт партияның саясатын насихаттап келді. Міне, осы газет аудан құрылғаннан кейін аудандық газет болып 1941 жылға дейін «Колхозшы» атымен шығады. Мұнан кейін «Күрішшілер» деген атпен 1958 жылдың тамызына дейін жарық көреді де, сол жылдан бастап аудандық газетке «Коммунизм үшін» деген ат беріледі. Мұнан кейін аудандық басылым 1962 жылдың 6 мамырына дейін үздіксіз шығып тұрды. Шаруашылықтардың іріленіп, өндіріс басқармалары болып қайта құрылуына байланысты арада 1 жыл үзілістен соң, Жосалы поселкесінен «Коммунизм шамшырағы» болып оқырмандармен қайта табысты. 1965 жылдың қаңтарында Жалағаш ауданының қайта құрылуына байланысты сол жылдың тамыз айынан бастап «Жаңадария» деген атпен өз оқырмандарымен қайта қауышты. Кейіннен уақыт талабына орай 1993 жылы 1 сәуірде «Жалағаш жаршысы» аталып, бүгінде аптасына екі рет жарыққа шығады.

 

84 жылдың ішінде қоғамда қаншама тарихи оқиғалар мен өзгерістер болып келеді. Аудан­дық газет солардың барлығына әділ бағасын беріп, халықпен бірге болды. Кешегі 1937-1938 жылдардағы халықты қатыгездікпен қуғын-сүр­гінге ұшыратқан сталиндік репрессия кезінде елді сабырға, бірлікке шақырды. 1940-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарында елін, жерін неміс басқыншыларынан қорғаған Сыр елінің жаужүрек азаматтарының ерліктерін паш етіп, халықтың рухын жаныды, үмітін жалғады, жеңіске деген сенімін оятты. Бұдан кейінгі жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, мал шаруашылығы мен егін саласын жетілдіру, ауыл шаруашылығын дамытудағы аудан еңбеккерлерінің ерен істері газет беттерінде айқын сөзбен суреттелді. Қоғам өміріне белсене араласып, өшпес із, өлмес өнеге қалдырған дара тұлғалар мен таланттар, еңбек адамдары жайлы газеттің сарғайған беттерінен оқуға болады. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі қайта құру, нарықтық қатынасқа көшу, қоғамды демократияландыру кезеңдерінде аудандық басылым қызметкерлері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тәуелсіздігіміздің жемістері мен жеңістерін қаламына арқау етті.

«Колхозшы»  деп атанған аудандық газеттің алғашқы нөміріне Сахи Жарылқасынов редактор болып қол қойса, одан кейінгі жылдары Жарылқасын Дүйсенов, Смайыл Ақжігітов, Мұрат Нұржанов, Сұлтан Қожаниязов, Жүсіп Алтыбаев, Адис Ахетов, Шілдебай Оңғалбаев, Сұлтан Жүсіпов, Мырқы Исаев, Айтбай Қойшыбаев, Әзілхан Аманов, Қален Әбдешов, Зордан Салықбаев, Асқар Кіребаев, Мырзамұрат Ілиясов, Тұрсынбай Тәшенов, Кенжеғара Сүлейменов, Мәлік Аяпов, Серік Бертаев, Қарлығаш Әбдірахманова, Ғазиза Әбілдаева, Нағымжан Сауяевтар басшылық етті. Аудандық газетте әр жылдары қызмет атқарған Т.Сарыбаев, А.Сәдібеков, Т.Дайрабаев, И.Шахаров, С.Баймаханов, Т.Тәшенов, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, Қ.Нұрғалиев, А.Бекарыстанов, Б.Уызбаев, І.Мұстафаев, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, А.Тілеулиев, Қ.Нұрханов, Т.Ахметов сынды қарымды қаламгерлер мен фото тілшілер өмірден өткенімен артында өлмес мұра қалдырды. Ал өмірін газетке арнаған журналистер М.Нұрханов, Е.Айғалиев, Б.Бүркітбаев, Б.Бердібаев, Е.Әбілов, Қ.Достанов, М.Байназарова, Б.Алпысбаева, Б.Ысқақова, Д.Мәліковалар қазіргі уақытта әр салада облыс, республикалық басылымдарда қызмет атқаруда.

Енді аудан айнасы – «Жалағаш жаршысы» газетінің соңғы отыз жылдық тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруды жөн көрдім. Бірінші кезең – кешегі кеңес дәуірінде 80-ші жылдардағы газет редакциясы мен баспахананың тіршілік-тынысы, екінші кезең – еліміз егемендік алған 1990-2000 жылға дейінгі өтпелі кезеңде нарық қиыншылығын басынан өткізген газет редакциясының жағдайы, ал келесісі – үшінші мыңжылдықта газет редак­ция­сының заман талабына орай жаңа технологиямен жұмыс жасауға көшуі және қоғамдық өмірдегі өзгерістер жайлы қысқаша баяндағым келеді.

Аудандық газеттің шығармашылық ұжымы үнемі ізденіп, үлкен жауапкершілікпен жұмыс атқарды. Журналистер іс сапарда жүріп, ауылдарды аралап, еңбеккерлермен  жүздесті. Газет бетінде маусымдық жұмыстар жайлы жазылған мақалалармен бірге тақырыптық нөмірлер дайындалып, оқырман назарына ұсынылды. Сол кездері «Партия тұрмысы», «Жарыс – табыс кепілі», «Озат тәжірибе көпке ортақ», «Адам еңбегімен көрікті», «Мал баққанға бітеді», «Тілші – газет тірегі», «Ана тілім – ардағым», «Жастар және проблема», «Ел іші – тарих кеніші», «Өнер көзі – халықта» деген бірнеше айдарлар мен арнаулы беттер, бөлімдер дайындалып, егін және мал шаруашылығы, мәдениет, білім, денсаулық, өнеркәсіп, құрылыс салалары, еңбек озаттары, ана тіліміз, өнер, жастар мәселесі жайында мақалалар үздіксіз жарық көріп тұрды. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Журналистер ұжымы аудандағы барлық салалардың жұмыстарының көлеңкелі жақтарын, кемшіліктерін назардан тыс қалдырмай сын мақалалар да жазды. Ол кезде газетке шыққан сын материалдар аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде талқыланып, шешім қабылданып жатушы еді. Газет жұмысына жергілікті автор тілшілер де атсалысып үлестерін қосты. Редакция ұжымының ұйымшылдығының арқасында басылым жұмысы аудан айнасына лайық жандана түсті. Оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген аудандық газеттің тиражы сексенінші жылдардың соңында 4770 данаға жетті.

 

Еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардан кейінгі нарық қиыншылығы газеттің уақытылы шығуы мен таралымына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Сол жылдары жекешелендіру кезінде қаржының тапшылығынан бірқатар мекемелер жабылып, жұмыстарын тоқтатты. Аудан шаруашылықтарының көпшілігі таратылып, кіші шаруа қожалықтарға бөлініп кетті. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері мен зейнеткерлер жалақылары мен зейнетақыларын бірнеше айлап ала алмауына байланысты газеттің таралымы да күрт азайды. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газетіміз 1991 жылдың сәуір айынан бастап екі рет, 1992 жылдан бастап бір рет шығатын болды. Амал жоқ, аудандық газеттің жазылу қаржысын аудан шаруашылықтарынан ұн, күріш, шөп, мал алу арқылы азық-түлік түрлерімен есептесуімізге тура келді. Соның кесірінен редакция мен бас­пахана ұжымы айлық жалақымызды ала алмай алты айға, бір жылға азық-түлікпен есептесуге мәжбүр болдық. Қаржысы жоқ жұмыстың берекесі бола ма? Жағдайлары болмаған соң журналистер облыс, республикаға жұмыс іздеп кетті. Жағдайың болмаған соң қаламың да мұқалып, тоқырауға ұшырап, нағыз жалқау  журналистке  айналады екенсің. Сондай қиналып жүрген кезде шыққан «Жағдайымыз жұқармасын, қаламымыз мұқалмасын» деген батам әріптестер арасында әлі күнге дейін айтылып жүр.

Қаржының жоқтығынан, қағаздың тапшылығынан баспаханада газет басып шығару да қиынға соқты. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газетімізді бір рет шығаруға тура келді. Оның үстіне жылу қазандығы ажыратылып, қыста баспахана цехтарында қолмен әріп теріп, газет басып шығару оңайға соқпады. Сол кездегі уақытпен санаспай жұмыс істеген баспахана қызметкерлерінің еңбектері нағыз ерлікпен пара-пар еді. Ол тұста материалдар баспаханада теріліп, қолмен беттеліп, баспа машинасы арқылы басылып шығатын. Газеттің уақытылы жарық көріп, оқырмандарына жетуіне баспахана қызметкерлері де қомақты үлестерін қосты. Баспаханада әріп теруші мен газет басушының жұмыстары өте жауапты болды. Әріп терушілерге газет материалдарын макетке сай бекіту, қателерді түзету, қосымша тапсырыс бланкаларын жасап дайындау оңай болған жоқ. Ал баспа машинисіне жүктелген газет пен тапсырыс бланкаларын басып шығару және оларға қағаз қиып дайындау, теру машинасына металл ерітіп құю секілді жұмыс түрлері көп еді. Әріп терушілер Сайлаукүл Тәжікенова, Жақсыгүл Тәшенова, Дәмеш Ахметова, Рая Кенжебаева, Тазагүл Ахметова, Злиха Сейтенова, Алтын Ізтілеуовалар мен  баспа машинистері Жұмабек Уақбаев, Күләйша Нақыпова, Еркін Жұмабековтер ыждағаттылықпен жұмыс істеп ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, теру машинасында жұмыс істеген Гүлстан Пірманова, Қоғажай Ерғалиева, Маржан Баймаханова, Бақыт Тәшкенбаева, Ақмарал Нұрғалиевалар газет материалдарын дер кезінде теріп беріп, тыңғылықты жұмыс атқарды. Кей күндері жарық сөніп қалып, әріп теру, қате жөндеу жұмыстары май шаммен атқарылатын. Сондайда редакция мен баспахана қызметкерлері түні бойы көз ілмей, газет шығарып, таң бозара үйлеріне қайтатын кездерін қалайша ұмытарсың. Соған қарамастан газет кешіктірілмей оқырманға жетіп, қауышып жатушы еді. Таң алдында жұмыстан шығып үйге барып, таңертеңгі шайымызды ішіп, сағат 9.00-де жұмысқа келіп міндетімізді атқарушы едік-ау.

Үшінші кезеңде газетіміз үшін оң өзгерістер болып, жаңалықтармен басталды. Аудандық газет  пен түрлі бланкалар басып шығаратын редакция жанындағы баспахана 2002 жылдан бастап газеттің компьютерде теріліп, беттелуіне және өзін-өзі ақтай алмауына байланысты 2005 жылы 14 қарашада жабылып, жұмысын тоқтатты. 2005 жылы № 45 нөмірі «Жалағаш жаршысы» газеті аудандарда алғаш болып түрлі-түсті бояумен шығарыла бастады. Жекешелендіру кезінде «Қызылорда полиграфия  баспасы» АҚ-ның балансына өтіп кеткен редакцияның екі қабатты ғимараты аукционға сатуға шығарылғандықтан газет редакциясы 2006 жылы күзде №3 кәсіптік-техникалық мектептің оқу ғимаратына орналасты. Әсем безендіріліп сапалы шығуына байланысты 2006 жылдың қорытындысымен аудандық газет «Ең үлгілі басылым» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, облыс әкімінің «Дипломымен» марапатталды. Ал 2007 жылы аудандық газет редакциясы аудандық коммуналдық ауыз су жүйесі мекемесінің бұрынғы кеңсе ғимаратына көшірілді. 5 мамыр күні редакция ұжымы қоныс тойын салтанатты түрде атап өтті.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңде айлық жалақы алмасақ та, жұмыстан қалмадық. Қиындыққа көндік, еңбегімізге сендік, келешек күндерге үмітпен қарадық. Шүкір, қазір заман өзгерді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазіргі жағдайдың айырмашылығы жер мен көктей. Газет материалдарын теріп бастыру жұмыстары жаңа технологиямен атқарылады. 2014 жылдан бастап аудандық газеттермен бірге «Жалағаш жаршысы» да облыстық «Сыр медиа» ЖШС-ның қарамағына өтті. Компьютерде теріліп, беттелген газетіміз облыстағы мекемеміздің баспаханасында басылып шығады. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаевтың басшылығымен газет жаңа форматқа көшіріліп, мазмұны мен сапасына ерекше мән беріліп келеді.

Біздегі қаламгерлердің барлығы компьютерлермен қамтамасыз етіліп, жұмыс жасауға барынша жағдай жасалды. Талапқа сай дәстүр сабақтастығы, жаңашылдық өз жалғасын табуда. Бүгінгі күні Азиз Батырбеков басшылық жасайтын редакция ұжымы жаңа толқын жас мамандармен толықты. Аудандық басылымның сапалы әрі мазмұнды шығуына бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан газетіміздің бас маманы Орынтай Тоқмырзаева, корректор Бақыткүл Ташкенбаева, фото-тілші Маханбет Ахметов, жауапты хатшы Қуат Ахетов, техникалық қызметкер Алтын Изтелеуова және бас редактордың орынбасары Кенжетай Қайрақбаев, бөлім басшысы Нұрсұлтан Қазбеков, баспасөз маманы Нұрсұлу Сахи, тарату бөлімінің менеджері Тимур Қуандық, жүргізуші Жасұлан Оспанов, тілші Нұржамила Алмасқызы атсалысып келеді. Қазіргі таңда кез келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда аудандық басылымның шығармашылық ұжымы ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, заман талабына сай қызмет етіп келеді.


Ақпарат көзі: https://zhalagash-zharshysy.kz

Кіру